Мақсаты: Адамгершілік сезімдерін тәрбиелеу. Қазіргі қоғамдағы әйел – ананың рөлін айқындай түсу бағытында қыз балаларға рухани тәрбие беру, халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын ұғындыру, білімге және өнерге ынталандыру.
Музыка бәсеңдеп, ортаға жүргізушілер шығады.
Ильяс: Армысыздар, мектебімнің асылдары,
Жайнаған көңілдердің жасы бағы.
Сіздер үшін ән мен күй, өлең мен би,
Сіздер үшін мереке шашулары!
Адай: Қайырлы күн, қымбатты арулар!
Эпостағы Қыз Жібек пен Баян, аңыз аналар Айша бибі мен Абақ, Абайды туған Ұлжан, ел билеген Айғаным аналардың сіңілелері, ардақты арулар!
Өздеріңізге арналған салтанатты жиынды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!
Музыкалық номер: Биші қайың би тобының орындауында би орындалады.
Ильяс: Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.
«Қыз өссе елдің көркі» деген сөзді,
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам!
Адай: Сүймеген сені азамат азамат па?
Көңілім тәрізді аппақ таза мақта,
Бәрін айт, бірін айт та лайықсың,
Қазақтың қызы деген ғажап атқа!
Ильяс: Қымбатты арулар! Өздеріңізге арналған мереке күннің көктемнің алғашқы шуақты күндерімен дөп келуі қандай тамаша!
Адай: Аналар мерекесі кезінде табиғат жадырап, күн күліп, дархан даламыздың барлық өңірі жылылыққа бөленеді! Осындай мерекелі күнде жылы лебіздер айтқанға не жетсін!
Ұстаздар қауымын, аяулы аруларымызды, мектеп – ұжымын бүгінгі мерекемен құттықтау үшін сөз кезегі мектебіміздің ардагер ұстазы Құдайберген С.Қ-на беріледі.
Ильяс: Қыз сұлу көрінеді қылығымен,
Жарыса төгілген қос бұрымымен.
Бұл күні сұлулықтың үлкені осы,
Қыз сұлу көрінеді білімімен.
Қыз сұлу көрінеді шашыменен,
Ай қабақ қиған қара қасыменен.
Қыз сұлу көрінеді толған айдай.
Он бес пен он сегізде жасыменен.
Адай: Қыз сұлу көрінеді өрнегімен,
Тізілтіп сөз маржанын тергенімен.
Майысып бұратылып, майда басып.
Жаныңа наз қылықпен келгенімен
Дарытқан бар асылды өз елінен,
Қыз сұлу көрінеді өнерімен.
Құлпырады мектебімнің арулары,
Өткендей сұлулықтың елегінен.
8, 6-сынып оқушыларының орындауында өлең шумақтарын қабыл алыңыздар.
Ильяс: Арулар – асыл жандар!
Шуақ боп шашылғандар,
Қуат боп тасығандар,
Құшақ боп ашылғандар!
Арулар – асыл жандар!
Адай: «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді!»
Құрметті арулар, асыл жандар! Өздеріңізге арнап жыр жазбаған ақын, ән арнамаған сазгер бар ма?
Қыздардың орындауында ән «Бақытты әйел»
Ильяс: Қазақ қыздарының ежелден жер қорғап, билік тізгінін ұстағаны белгілі. Осы қасиет әлі де жалғасын табуда. Әрі отбасында бала өсіріп, әрі мемлекеттік істерге араласып жүрген ұстаздық етуден жалықпай еңбек етіп жүрген арулар қандай құрметке болса да лайық!
Адай: Шабытым шалқып келгенде, шарықтап самғап қалайын,
Жырымнан тізіп ақ моншақ, мойныңа алқа тағайын.
Өлеңнен соғып ән мүсін, тойыңа шашу шашайын,
Асылым, анам, сен үшін сырымды бүгін ашайын!
Көрініс «8-наурыз оқиғасы»
Ильяс: Бізге қажымас қайрат беретін, таусылмас нәр, күш – қуат беретін аналар! Аристотель, Фирдауси, Жәнібек пен Абылай, Абай, Шоқан, Махамбет пен Исатай, Мағжан, Қайрат, Нұрсұлтан да сол ананың ұрпағы. Бәрі ананың ақ сүтін емген.
Адай: Бүкіл әлем аналардың ақ сүтінен нәр алған,
Бүкіл әлем аналардың үмітінен таралған.
Әлемде егер ана болмаса осылайша,
Туар ма еді жүрегімде биік мақсат, игі арман?! – деп ақын ағамыз жырлағандай, мақтасақ бүгін барлығын және білетін, тіршіліктің бұлағы әйел – ананы мақтайық!
Ильяс: Япырай! Неткен көктем! Көктем! Көктем!
Дүние – ау, сен осындай көкпеңбек пе ең?
Мәңгі бақи түлеген қаз – қалпында,
Табиғат керемет ең неткен, неткен!
Адай: Иә, осындай тамаша уақытта, жер – ана бусанып, бір тіршілікке жан біткен мезгілде біздің аналарымыз, табиғатпен бірге жасарып кеткендей!
Би флешмоб 6, 8 сынып оқушылары
Құрметті арулар! Осымен өздеріңізге арналған салтанатты жиын да аяқталуға жақындады. Сіздерді мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, отбасыларыңызға береке - бірлік, еңбектеріңізге толағай табыс, дендеріңізге саулық тілейміз!